Елордада вакцинация мәселелері талқыланды
Астанада вакцина арқылы алдын алуға болатын ауруларға қатысты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынды Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Кездесу «Біз вакцинациялау арқылы болашақ ұрпақты қорғай аламыз» тақырыбында өтті және 2026–2028 жылдарға арналған қалалық жоспар аясында ұйымдастырылды.
Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан вакцинацияның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, балалардың денсаулығы – ортақ жауапкершілік, ал вакцина – қауіпті инфекцияларға қарсы ең тиімді қорғаныс тәсілі.
«2024 жылдан бастап Қазақстанда қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл – жатыр мойны обырының алдын алудағы маңызды қадам. Сонымен қатар қазір қалада және ел бойынша балалар арасында қызылша ауруының өсуі байқалады», - деді ол.
Жиында сарапшылар елордадағы жатыр мойны обырының таралу көрсеткіштерін және қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайды талқылады. Мамандардың айтуынша, қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау, балаларды қызылшаға қарсы уақытылы егу және скринингтік тексерулерді күшейту – аурулардың алдын алудың нақты жолы.
Дөңгелек үстелде вакцинацияға қатысты қоғамдағы мифтер мен қате түсініктер де сөз болды. Әсіресе АПВ-ға қарсы екпе төңірегіндегі әлеуметтік-мәдени кедергілер мен сенім мәселесі көтерілді. Қатысушылар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, халықпен ашық диалог орнату қажеттігін айтты.
Мамандар вакцинацияны «болашаққа салынған инвестиция» деп атады. Өйткені уақтылы жүргізілген иммундау – қауіпті инфекциялардың таралуын тежеп, келешек ұрпақтың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.