Елордада Tesla көлігін тізгіндеген жасөспірім ұсталды
Астанада полиция қызметкерлері 14 жастағы жасөспірім рөлде отырған автокөлікті тоқтатты. Ол қала ішінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Құқық бұзушылықты Жедел басқару орталығының бейнекамерасы тіркеді. Жүргізуші полицияның көлікті тоқтату туралы заңды талаптарына бағынбай, қашпақ болған. Көлік ішінде онымен бірге тағы бір кәмелетке толмаған досы отырған.
Наурыз айында дәл осы көлік бірнеше құқық бұзушылық жасағаны анықталып, оның ішінде қауіпті маневр жасалғаны тіркелген. Алайда бұған дейін қолданылған шаралар тиісті нәтиже бермеген.
Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Көлікті басқару құқығы жоқ тұлғаның жүргізуі, сондай-ақ көлікті куәлігі жоқ адамға беруге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетсек, Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.