Елордада салынып жатқан перинаталдық орталықтар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі

Елордада салынып жатқан перинаталдық орталықтар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі
Фото: Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алдағы төрт жылда 11 медициналық нысанның құрылысын салуды жоспарлап отыр. Осы медициналық ұйымдар ішінде 2 перинаталдық орталықтың құрылысы бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Басқарма мәліметінше, медициналық ұйымдарды салу елордадағы медицина мекемелеріне түсетін жүктеменің айтарлықтай жоғарылауынан туындап отыр. Өйткені, мемлекет бекіткен елорданың Бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқының болжамды саны 2,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Сәйкесінше, сапалы медициналық көмекке деген сұраныс артып келеді.

«Қала халқы жыл сайын шамамен 100 мың адамға өсуде. Қазіргі инфрақұрылым жоспарлы қуаттылығынан артық қызмет көрсетіп жатыр. Қаладағы туу санының 35%-ға өсуіне (19 500-ден 30 000 босануға дейін) байланысты әрқайсысы 250 орындық екі перинаталдық орталық құру жөнінде шешім қабылданды», - дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы орынбасары Гүлназ Досмырзаева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта С189 және Ақан сері көшесі қиылысында орналасқан, «Самұрық-Қазына» компаниясының қолдауымен салынып жатқан орталықта құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Негізгі корпус 5-7 қабатты болады. Перзентхана 2027 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.

Ал екінші перинаталдық орталық республикалық бюджет есебінен Абылай хан даңғылы мен Қобда көшесінің қиылысында салынады. Қазіргі уақытта құрылыстың жобалау жұмыстары аяқталу кезеңінде. Құрылыс аяқталған соң, нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Перинаталдық орталықтар халықаралық стандарттар негізінде ашылатын болады. Жаңа ғимарат заманауи техникалық базамен жабдықталады. Қос орталық Астана аумағындағы жүкті әйелдерді қабылдайтын болады. Перинаталдық орталықтардың салынуы акушерлік төсек-орындарға деген қолданыстағы қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, босандыру қызметі жүйесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысы орынбасары.  

Айта кетейік, қазіргі таңда қалада жалпы 550 төсек-орынға арналған 3 қалалық акушерлік стационар жұмыс істейді.

Сонымен қатар 11 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2 перинаталдық орталық, заманауи көпбейінді жаңа аурухана, 6 жаңа толыққанды емхана (оның ішінде 2 мемлекеттік), сондай-ақ 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салу көзделген.