Елордада конституциялық реформаларды қолдауға арналған ерекше акция өтті
Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері хоккей клубын қолдау және елдегі Конституциялық реформаларды қолдау мақсатында қоғамдық акцияға қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара аясында трибуналарда бірлік, патриотизм және ұлттық спортты қолдау үшін көлемі 12×24 метр болатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы жайылды.
Сонымен қатар, қатысушылар конституциялық реформаларды қолдауға арналған арнайы тақырыптағы перформанс ұйымдастырды. Азаматтық ынтымақтастық пен жаңару бағытында адалдықтың белгісі ретінде «Жаңа Конституция үшін» деген жазуы бар ту ашылды.
Акция қоғамдық диалогтың маңызын, стратегиялық өзгерістер төңірегінде азаматтардың топтасуын, сондай-ақ жауапкершілік пен бірлік сияқты құндылықтарды дамытудың өзектілігін көрсетті.
Іс-шара барысында жанкүйерлер, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары бір арнаға тоғысып, өзара қолдау мен ынтымақты, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге деген айрықша құрметті айқын көрсетті.
Бұған дейін жаңа Конституция аясында ғылыми-технологиялық егемендік талқыланғанын жаздық.