Елорда медицинасында 2025 жылғы басты өзгерістер жарияланды

5 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елорда медицинасында 2025 жылғы басты өзгерістер жарияланды
Фото: freepik.com

Елордада 2025 жылы денсаулық сақтау саласында бірқатар жүйелі жұмыс атқарылып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 2025 жылдың қорытындысын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астананың тұрғындары жыл сайын шамамен 100 мың адамға артып келеді. Осыған байланысты медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, медициналық ұйымдар тапшылығын азайту мақсатында төрт жаңа емхана іске қосылып, «Нұрлы жол» вокзалы ауданында жеке медициналық орталық ашылды.

Сонымен қатар, екі ауруханада ауқымды жөндеу жүргізілді. Олардың бірі – көп жылдан бері қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келе жатқан №3 қалалық көпбейінді аурухананың ескі ғимараты.

«Ғимаратты жаңғырту барысында инженерлік желілер, палаталар, операциялық блоктар мен диагностикалық кабинеттер толық жаңартылып, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылды. Бұл пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған», - деді басқарма өкілі.

Қазіргі уақытта аурухананың терапевтік бөлімі, ас блогы, әкімшілік ғимараты және өзге де бөлімшелерінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жұмыстарды 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностикалық кешен мен перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне арналған 300 орындық жатақхана салынуда. Алдағы жылы жаңа көпбейінді аурухана, Есіл және Нұра аудандарында екі емхана, сондай-ақ, Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық корпус пайдалануға берілмек.

Медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. 2025 жылы 276 медициналық жабдық сатып алынған. Жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында автокөліктер алынып, автопарк 100 пайыз жаңартылды.

Кадр мәселесін шешу бағытында да нақты шаралар қабылданды. 2024-2028 жылдарға арналған жергілікті бюджет есебінен резидентураға 72 грант бөлініп, 45 дәрігер жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар шетелдік мамандарды тарту арқылы тәжірибе алмасуға 64 медицина қызметкері қатысты.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» және «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» аясында шамамен 3 800 медицина қызметкері оқытылып, олардың 59-ы шетелде сирек мамандықтар бойынша біліктілігін арттырды.

Балалар денсаулығын нығайту мақсатында бес мемлекеттік мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылып, №1 қалалық көпбейінді аурухана базасында балалар стоматологиясы жұмысын бастады. Сондай-ақ, аутизмі бар балаларға арналған күндізгі стационар іске қосылды.

Акушерлік-гинекологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін Ситуациялық орталық құрылып, қала деңгейінде ұрықты қорғау орталығы жұмыс істеп тұр. Жүкті әйелдерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, туа біткен және тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу мақсатында эксперттік деңгейдегі пренаталдық диагностика жүргізіледі.

Елордада жасанды интеллект технологиялары да медицина саласына енгізілуде. Қазіргі таңда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген PACS жүйесі іске қосылып, диагноз қою мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарды. Орталық серверде 126 мыңнан астам рентгенологиялық зерттеу жинақталып, олардың 9 мыңнан астамы өңделген.

Сонымен қатар, инсультті 10 минут ішінде анықтауға мүмкіндік беретін Cerebra жүйесі енгізілді. Жасанды интеллектіні қолдану диагностика жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Бұған дейін Астанада Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында 22 сәби дүниеге келгенін жаздық.