Елімізде зиянкестерді нақты уақыт режимінде бақылайтын жүйе сынақтан өтуде
Қазақстанда алғаш рет зияткерлік феромондық тұзақтар мен цифрлық болжау элементтеріне негізделген өсімдіктерді қорғау жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа технология Алматы облысындағы «Диқан» шаруа қожалығының алма бағында енгізілуде. Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты тарапынан жүзеге асырылып жатыр.
«Жүйе зиянкестердің пайда болуын нақты уақыт режимінде тіркеп қана қоймай, фитосанитариялық болжау жүргізуге негіз қалыптастырады. Зияткерлік тұзақтардан алынған мәліметтер автоматты түрде онлайн режимде жіберіліп, зиянкестер таралуы қарқынын бақылауға және цифрлық модельдер негізінде жағдайдың даму барысын болжауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.


Мамандардың айтуынша, бұл фитосанитариялық тәуекелдерді басқаруда қорғаныс шараларын кейіннен қолдану тәсілінен алдын ала әрекет ету жүйесіне көшуге жағдай жасайды. Нәтижесінде қорғау іс-шараларын жүргізудің мерзімі мен қажеттілігі дәлірек анықталады. Сондай-ақ цифрлық мониторингті енгізу - болжамдардың дәлдігін арттырып, өнім шығыны қаупін төмендетеді және өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Болашақта бұл технологияны тек бау-бақша шаруашылығында ғана емес, сондай-ақ егістік және техникалық дақылдармен қоса басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына бейімдеуге болады. Бұл еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде ауқымды цифрлық фитосанитариялық мониторинг жүйесін қалыптастырмақ. Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, жүйе еліміздің барлық өңіріндегі шаруашылықтарға енгізілетін болады.

Еске салсақ, елде фитосанитариялық мониторингтің геоақпараттық жүйесі жаңартылды.