Елімізде көктемгі егіс науқанына 402 мың тонна дизель отыны бөлінді

Бүгін, 10:32
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде көктемгі егіс науқанына 402 мың тонна дизель отыны бөлінді
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарына қажетті дизель отынымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, дизель отынын жеткізу бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда тұр. Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері көктемгі егіс науқанына арнап 402 мың тонна дизель отынын жеткізу жоспарын бекіткен. Жеткізілімдер 1 ақпан мен 30 маусым аралығында жүргізіледі.

Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының бағасы өңірлердегі жеткізу станцияларына дейін ҚҚС-пен бірге литріне 263 теңгені құрайды. Ал соңғы бағаны өңірлік операторлар белгілейді және ол 281 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш нарықтағы орташа бөлшек сауда бағасынан шамамен 49 теңгеге немесе 15 пайызға арзан.

Сонымен қатар, дизель отынын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және оның қозғалысын бақылау мақсатында қосымша тетіктер енгізілген. Атап айтқанда, арнайы ПИН-кодтар жүйесі іске қосылып, отынды сары, көк және қызыл түстермен таңбалау енгізілді. Бұдан бөлек, электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма ашылған. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде дизель отынын мақсатсыз пайдалану көлемі азайған. Нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін қысқарып, 21 пайызға төмендеген.

Қазіргі таңда Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстап отыр.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 41,6 мың гектар күріш алқабы суға бастырылды