Елдегі ұлттық парктерге барған туристер саны 3,7 млн-ға дейін жетті

Елдегі ұлттық парктерге барған туристер саны 3,7 млн-ға дейін жетті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің табиғи аумақтарына туристердің қызығушылығы артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның мәліметінше, 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,8 млн адам келген, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамға жетті. Осылайша, өсім 900 мың адамға жетті. Бүгінгі таңда негізгі әлеует ұлттық саябақтарда шоғырланған, олардың аумағында 179 туристік маршрут және 42 экологиялық соқпақ бар.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру шеңберінде өңірлерде қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза туризм» бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Шарын және Көлсай ұлттық парктерінде сәтті сынақтан өткеннен кейін жоба Іле-Алатау, Алтынемел, Қарқаралы, Сайрам-Өгем, Көкшетау, Баянауыл және Бурабайда қолға алынды.

«Бағдарлама аясында қалдықтарды бөлек жинауға арналған 179 контейнер мен 81 урна қойылды, 170 ақпараттық баннер орналастырылды және 7 фандомат орнатылды. Сондай-ақ келушілерге ұлттық саябақтардың аумағынан қоқысты өз бетінше жинауға және шығаруға арналған биологиялық ыдырайтын пакеттер беріледі. Биыл бұл бағдарламаны жүзеге асыру Катонқарағай, Бұйратау, Ұлытау, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай ұлттық парктерінде жалғасты», - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Еске салсақ, елімізде туристік саладан мемлекетке 630 млрд теңгеден астам салық түскен.