Еліміздің әуе кеңістігінде екі ұшақ соғыла жаздады: Көлік министрлігі тергеуді бастады

Бүгін, 10:34
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Еліміздің әуе кеңістігінде екі ұшақ соғыла жаздады: Көлік министрлігі тергеуді бастады
Фото: freepik.com

Еліміздің әуе кеңістігінде екі халықаралық жолаушылар ұшағы соқтығысып қала жаздады. Бұл уақытта екі рейс Шымкент аймақтық диспетчерлік орталығының аймағында болған. Оқыс оқиғаға қатысты Көлік министрлігі тергеу жүргізуді қолға алды, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«10 қаңтар күні Астана уақыты бойынша шамамен сағат 05:42-де Шымкент аймақтық диспетчерлік орталығы аймағында «Победа» әуе компаниясының Внуково-Самарқанд бағыты бойынша ұшқан PBD997 рейсіне және «Uzbekistan Airways» әуе компаниясының Термез-Мәскеу бағыты бойынша ұшқан UZB9609 рейсіне қызмет көрсету кезінде авиациялық оқыс жағдай болды», - деп жазылған хабарламада.

Министрлік авиациялық оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрып жатыр.

Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, егер қосымша сараптамаларға қажеттілік туындамаса тергеу 3 айда аяқталуы тиіс.

Бұған дейін 2026 жылы елімізде қандай жаңа әуежайлар мен рейстер пайда болатынын жаздық.