Референдум-2026

Демалыс күндері елордада Қостанай облысының креативті жәрмеңкесі өтеді

Бүгін, 14:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Демалыс күндері елордада Қостанай облысының креативті жәрмеңкесі өтеді
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Qazaq Creative Hub алаңында 11-12 шілде күндері республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Қостанай облысының KOSTANAY CREATIVE CULTURE креативті жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Creative Aimaq жобасын Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырады. Жоба өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын, дәстүрлі қолөнерін, авторлық брендтерін, заманауи технологиялары мен креативті индустрия жетістіктерін бір алаңға тоғыстырады.

«11-12 шілде күндері ұйымдастырылатын көрме елорда тұрғындары мен қонақтарын Қостанай облысының шығармашылық әлеуетімен таныстырады. Бір алаңда халық шеберлерінің бұйымдары, дизайнерлік киім топтамалары, авторлық зергерлік әшекейлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, заманауи этнобрендтер, суретшілер мен қолөнершілердің жұмыстары, сондай-ақ өңірдің жас ғалымдары мен студенттерінің инновациялық әзірлемелері ұсынылады. Келушілер Қостанай креаторларының бірегей өнімдерін авторлардың өзінен сатып ала алады», делінген хабарламада.

Іс-шара бағдарламасында Қостанай дизайнерлерінің ұлттық және заманауи киім үлгілерінің этно-дефилесі, тарихи экспозициялар, Нью-Йоркте өткен халықаралық MobFilm Festival фестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмінің таныстырылымы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері жасаған Қазақстандағы алғашқы жарыс болиду, сондай-ақ автокөлік жасау мен цифрлық технологиялар саласындағы инновациялық жобалар көрсетіледі.

Келушілер қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғаларға арналған көрмені тамашалап, атаулы домбыралар мен ұлттық музыкалық аспаптар топтамасымен таныса алады. Сонымен қатар «Алтын домбыра» көрмесі ұйымдастырылып, аңызға айналған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнері ұсынылады. Бағдарламада Қостанай өңірінің бай мәдени мұрасын дәріптейтін заманауи суретшілер мен дизайнерлердің туындылары да ерекше орын алады.

Екі күн бойы интерактивті шеберханалар жұмыс істейді. Онда тәжірибелі шеберлер зергерлік өнер, ағаш өңдеу, былғарымен жұмыс істеу, киіз басу, керамика жасау, дәстүрлі ұлттық ою-өрнек дайындау, сәндік-қолданбалы өнер және өзге де қолөнер түрлері бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Қатысушылар дәстүрлі технологиялармен танысып қана қоймай, шеберлердің жетекшілігімен өз қолдарымен бұйым жасап көруге мүмкіндік алады.

Іс-шара 11-12 шілде күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub орталығында өтеді.

Айта кетейік, Creative Aimaq республикалық жобасы өңірлік креативті индустрияларды дамытуға, отандық брендтерді қолдауға, шығармашылық кәсіпкерлікті ілгерілетуге және Қазақстанның барлық өңірінің мәдени әрі креативті әлеуетін таныстыратын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған.

Еске салсақ, Астанада Солтүстік Қазақстан облысының креативті жәрмеңкесі өткен болатын