Референдум-2026

Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды

Бүгін, 15:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды
Фото: pexels.com

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, Данияр Елеусінов мас күйде Астана көшесімен көлік жүргізіп келе жатып үш жол-көлік оқиғасын жасаған.

Жол ережесін бұзу салдарынан жүргізуші:
- жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған;
- басқа көлікпен соғысып, екпін тоқтата алмай тағы бір көлікке соғылған;
- кейіннен Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған көлік Toyota Hilux-ке соғылған.

Көліктер зақымданып, материалдық шығын келді.

Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған, делінген хабарламада.

Сот отырысында Данияр Елеусінов кінәсін толық мойындады. Сот оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Данияр Елеусіновке қатысты жол апаты бойынша полиция тексеру жүргізіп жатқанын жаздық.