Былтыр 1,5 мың шақырымнан астам сумен жабдықтау желілері салынды – министр
Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол бүгінгі таңда республикалық меншікте халқының жалпы саны 1 млн 330 мың адам болатын 546 ауылды сумен қамтамасыз ететін 26 топтық су құбыры бар екенін атап өтті.
«2024 жылдан бастап «Қазсушардың» трансформациясы аясында халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру жүргізілуде, бұл су алу көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін толық бақылауды қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді Нұржан Нұржігітов.
Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министрлік 2025 жылы республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту бойынша жалпы сомасы 103,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асырды.
Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат сумен жабдықтау нысандарын салу бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, асыра орындалды. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды. Көзделген қаржы қаражаты толық көлемде игерілді.
Нәтижесінде 1 599 шақырым сумен жабдықтау желілері және 7 су құбыры кешенінің алаңы салынды, жалпы саны 514 мың адам құрайтын 277 елді мекенде су беру және сумен жабдықтауды жақсарту қамтамасыз етілді, оның ішінде 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді.
Бұған дейін 2028 жылға қарай 3,6 млн «ақылды» су есептеу құрылғылары қолданысқа берілетінін жаздық.