БҚО-да инвесторға құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асыруға мүмкіндік жасалды

Бүгін, 16:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
БҚО-да инвесторға құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асыруға мүмкіндік жасалды
фото: Оңалхан Өнерхан

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында прокурорлардың араласуынан кейін «KAZMEAT Ақжайық» ЖШС-ның инвестициялық жобасын іске асыруға қажетті жер учаскесін жалға алу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Батыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Бәйтерек ауданының прокуратурасы ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді жою және бизнестің заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда.

Прокуратураның назарына құны 1,2 млрд теңге болатын «KAZMEAT Ақжайық» ЖШС-ның инвестициялық жобасы ілікті. Жоба мал азығын өндіруге арналған тұрақты суару жүйесін және асыл тұқымды мал шаруашылығы фермасын құруды көздейді.

Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын 800 гектар алқаптан мал азығын өндіруге және 200 бас ірі қара малын ұстауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар жобаны іске асыру 30 жаңа жұмыс орнын ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Алайда жобаны іске қосу барысында әкімшілік мәселелер туындаған. Инвестор аудан әкімдігіне мал азықтық дақылдарды өсіру және суару үшін қажетті жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінген.

Жобаның маңыздылығына қарамастан, өтініш белгіленген мерзімде қаралмаған. Жергілікті атқарушы органның әрекетсіздігі мәселенің шешілуін созбалаңға салып, инвестициялық жобаны уақытылы іске асыруға кедергі келтірген.

Қажетті шешімге қол жеткізе алмаған инвестор Бәйтерек ауданының прокуратурасына жүгінді. Прокурорлардың араласуынан кейін мәселе жедел шешіліп, жер учаскесін жалға алу мерзімі ұзартылды.

Осылайша, жобаны іске асыру мерзімдеріне және шаруашылықты қажетті жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге кері әсер етуі мүмкін кедергі жойылды. Прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бәйтерек ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен инвестициялық жобаларды сүйемдеу жұмыстарын жалғастырады. Бұл ретте негізсіз әкімшілік кедергілерді уақтылы жоюға және инвесторлардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Еске салайық, бұған дейін елімізде инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеудің жаңа тетігі құрылғаны туралы жаздық.