Білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы басталды

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы басталды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда 8 қаңтардан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы өтіп жатыр. Оған еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының оқушылары мен колледж студенттері қатысуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл шара білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті көтеру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқыққа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

Айлық аясында заң нормаларын түсіндіру, құқық бұзушылықтың салдары туралы ақпараттандыру бағытында білім беру ұйымдарында түрлі кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, тренингтер және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады. Өткізілетін шаралар барысында уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге білім алушыларға құқық бұзушылық түрлері мен оған қатысты жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, - делінген хабарламада. 

Қоғамда құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Қазақстан Үкіметі Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекіткен болатын. Құқықтық сауаттылық айлығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар тұжырымдамада қарастырылған міндеттердің практикалық іске асуының бір бөлігі болып табылады.

Еске салайық, бұған дейін 2035 жылға дейін Астанада 138 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғаны туралы хабарладық.