2035 жылға дейін Астанада 138 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр

Бүгін, 16:15
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
2035 жылға дейін Астанада 138 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Білім беру нысандарын салу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Соңғы жылдары елордада 109 мың оқушы орнына есептелген (екі ауысымды) 44 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 23 мектеп Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Алдыңғы оқу жылында рекордты көлемде мектеп салынды: 64 мың оқушы орнына арнап 25 білім беру мекемесі пайдалануға берілген.


 

«Биыл оқу жылының басынан бастап тағы 9 мектеп ашылды. 2026 жылы тағы 13 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар білім беру нысанының құрылысымен таныстым. Сол сияқты мектептерді салу барысында аумағын абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. 2027 жылға арнап дайындық жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз: жалпы сыйымдылығы 40 мың оқушыны (екі ауысымды) қамтитын 16 мемлекеттік мектеп бойынша жобалау және қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу қолға алынды. Бұдан бөлек, 10 мың оқушыға арналған 10 жекеменшік мектептің құжаттары дайындалып жатыр. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада 138 жаңа мектеп салу көзделіп отыр», - деп жазды қала әкімі.

Бұған дейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада кәріз тазарту құрылыстары салынатынын айтқанын жаздық.