Жеңіс Қасымбек: Астанада кәріз тазарту құрылыстары салынады

12 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңіс Қасымбек: Астанада кәріз тазарту құрылыстары салынады
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан салынып жатқан кәріз тазарту құрылыстары туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазіргі уақытта шаруашылық-тұрмыстық ағын су тәулігіне 254 мың м³ қуаттылығы бар №1 кәріздік тазарту құрылысы (КТҚ №1) арқылы тазартылып жатыр. Қаланың дамуы мен тұрғындар санының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, қосымша тазарту құрылыстарын салу қажеттілігі туындап отыр.

Мәселен, қолданыстағы кәріздік тазарту құрылысын (КТҚ) жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр, оның аясында өндірістік қуатын тәулігіне қосымша 25 мың м³ дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар КТҚ-1-ден Қарабидайық жинақтағышына дейінгі кәріздік коллекторды қайта жаңарту жұмысына кірістік. Бұдан бөлек, тәулігіне 188 мың м³ өнімділігі бар шығару коллекторларымен бірге КТҚ-2 жобасын әзірлеу жұмысы аяқталды», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Астана әкімінің айтуынша, Көктал-1 елді мекенінде (тәулігіне 60 мың м³), Өндіріс елді мекенінде (тәулігіне 10 мың м³) және Индустриялық паркте (тәулігіне 15 мың м³) локалды кәріздік тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру басталды. Аталған нысандардың жалпы өнімділігі тәулігіне 85 мың м³ құрайды.

«Осы жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде қолданыстағы кәріздік тазарту құрылысына түсетін жүктеме азаяды. Жобаларды 2028-2029 жылдары аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде қаладағы су бұру мәселесі толықтай шешіледі.

Сондай-ақ нөсерлі кәріз жүйесін жаңғырту аясында нөсерлі, дренажды және арық-науа типтегі магистральды кәріз желілерінің 30 шақырымнан астамы төселді. Бұдан бөлек, 9 сорғы станциясы мен 7 тазарту құрылысы салынды және қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде су жинау алаңы 15,3 мың гектарға дейін ұлғайтылды және өзге де кешенді жұмыстар атқарылды», - деді қала әкімі.