Бейнеу гарнизонында сарбаздардың ата-аналарына арналған ашық есік күні өтті

Бүгін, 14:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Бейнеу гарнизонында сарбаздардың ата-аналарына арналған ашық есік күні өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлау полкіне Бейнеу ауылынан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан әскерге келген мерзімді қызметтегі сарбаздардың отыздан аса ата-анасы келді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери бөлімге келгендер әскери қызметтің жайын, жауынгерлік даярлықтың қалай ұйымдастырылатынын көріп, жеке құрамның тұрмыс-тіршілігі, тамақтануы және демалыс тәртібімен танысты.

Ата-аналарға бөлімнің материалдық-техникалық базасы, заманауи жарақтандырылуы мен әскери-есептік мамандықтарына қарай жауынгерлерді даярлауда қолданылатын жабдықтар көрсетілді.

«Әскери бөлімнің басшылығы мен бөлімше командирлері ата-аналардың көкейінде жүрген барлық сұраққа жауап беріп, ұлдарының қызметі мен тұрмыс жайына қатысты жан-жақты айтып берді», - деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.

Аталмыш іс-шара барысында тәрбиелік жұмысқа, психологиялық қолдау көрсету мәселелеріне және сарбаздарды оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.

Алған әсері жайлы әскери қызметшілердің бірінің анасы Клара Гусманова пікірін білдірді. Сарбаздың анасы бәрін өз көзімен көріп, ойындағы сұрақтарына толық жауап алғаны үшін бөлім басшылығына алғыс айтты.

«Әр ана ұлының қандай жағдайда қызмет етіп жүргенін білгісі келеді. Біз казармаларды, оқу сыныптарын, асхананы аралап, командирлермен тілдестік. Бәрінен тәртіп, жинақылық және сарбаздарға деген қамқорлық байқалады», - деді Клара Гусманова.

Мұндай шараларды өткізу әскери бөлім басшылығы мен сарбаздардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың көңілін орнықтыруға және армияға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін биыл 800-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылатынын жаздық.