Балабақшаларда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды
Биыл 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Балаларды ерте жастан дамыту, сапалы тәрбие мен білім беру мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова айтып берді. Мемлекеттік тілді тереңдетіп үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы өткен жылы 5 өңірде - Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО облыстары мен Астана қаласы 135 балабақшада сынақтан өтіп, осы жылдан бастап жаппай енгізілуде. Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында елімізде балабақша жанынан 6 мыңға жуық кеңес беру пункттері жұмысын бастады.
«Биылдан бастап 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы қолға алынды. Балабақша мен бастауыш сынып арасында сабақтастықты орнату мақсатында мектеп жасына дейінгі баланы дамытудың Жеке картасы Ұлттық білім беру дерекқоры базасы арқылы 1-сынып мұғалімі үшін қолжетімді болды. Өңірлерде экологиялық жобалар іске асырылуда, оның ішінде экологиялық бағыттағы 190 жуық «Жасыл балабақша» жұмыс істейді», - деді спикер.
Оның айтуынша, «Адал азамат» бағдарламасының мақсат-міндеттері – күнделікті тәрбиелеу – білім беру процесінде ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді насихаттау, ұлттық мәдениетке, туған жерге, елге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған дағдыларды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
Бұған дейін өңірлерде ваучерлік қаржыландыру есебінен 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделгенін жаздық.