«Байтақ» партиясының сайлау штабы ашылды
Бүгін, 23 шілдеде «Байтақ» жасылдар партиясының орталық сайлау штабы ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияға сілтеме жасап.
Алдағы бір ай бойы команда сайлауалды үгіт-насихат науқанын үйлестіріп, сайлаушылармен байланысты күшейту және өңірлік штабтар жұмысын ұйымдастырумен айналысады.
Штабтың ашылу рәсіміне партия төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысып, бұл кезең партия үшін үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.
«Бір айдан кейін елімізде сайлау өтеді. Ресми тұрғыдан бұл – сайлауалды науқанның басталуы. Ал, шын мәнінде, бұл – ұрандардың емес, идеяларымызды халыққа қаншалықты жеткізе алатынымыздың сынға түсетін кезеңі»- деді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Оның айтуынша, «Байтақ» – Қазақстандағы жалғыз экологиялық саяси партия. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеру – партияның басты міндеттерінің бірі.
«Таза ауа, таза су, таза жер туралы біз айтпасақ, кім айтады? Арал теңізінің күйіне қараңдар, бүтін бір теңізден айрылып қалдық. Қазір соның тұзымен тыныстап отырмыз. Каспий ше? Ол да тартылып барады. Былтыр теңіз деңгейі қатты түсті. Ертең ол да Аралдың тағдырын қайталамасына не кепіл?! Міне, жасылдар партиясының алдында тұрған проблеманың бір бөлігі ғана», - деді Азаматхан Әміртаев.
Рәсімнен кейін орталық штабтың алғашқы отырысы өтті. Оған партия басшылығы, штаб мүшелері мен орталық аппарат қызметкерлері қатысты. Өңірлік штабтар жиынға онлайн форматта қосылды.
Кездесу барысында сайлауалды үгіт-насихат науқанының негізгі міндеттері айқындалып, жұмыс кестесі бекіді.
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына «Байтақ» жасылдар партиясы 47 кандидат ұсынды. Олардың қатарында саясаттанушылар, кәсіпкерлер, заңгерлер, дәрігерлер және өзге де сала өкілдері бар.