Референдум-2026

Астанада Абай ескерткішіне зиялы қауым мен қоғам өкілдері гүл шоқтарын қойды

Астанада Абай ескерткішіне зиялы қауым мен қоғам өкілдері гүл шоқтарын қойды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

10 тамызда елордада қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай еске алу шарасы өтті. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған рәсімде зиялы қауым мен қоғам өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Тағылымды шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Қоғамдық кеңес төрағасы, академик Кәрімбек Құрманәлі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, одақтың Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, жазушы Роза Мұқанова, ақындар Алмахан Мұхамедқалиқызы, Жанарбек Әшімжан және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиналғандар Абай мұрасының қазақ руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, ақын көтерген білім, еңбек, әділет, адамгершілік пен бірлік идеяларының бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Ғасырлар тоғысса да, Абайдың ой-тұжырымдары ұлттың рухани жаңғыруына жол көрсетіп, жас ұрпақты парасат пен ізгілікке үндеп келеді.

Ұлы ақынға көрсетілген құрмет – Абай аманаттаған асыл құндылықтарға, қазақтың тілі мен әдебиетіне, ұлттық рух пен мәдени мұраға деген тағзымның көрінісі.