Астананың «Сарыарқа» ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Елорданың «Сарыарқа» ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордада жергілікті атқарушы органның қолдауымен «Сарыарқа» ауданында №86 жаңа учаскелік полиция пункті өз жұмысын бастады. Учаскелік полиция пункті қызметтік қызметті атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Нысанның жалпы аумағы 96 шаршы метр. Мұнда азаматтарды қабылдау бөлмесі, кезекші инспекторларға арналған орын-жайлар, сондай-ақ учаскелік полицейлердің кабинеттері қарастырылған.
Ашылу салтанатына Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев, сондай-ақ, прокуратура органдарының өкілдері қатысты.
«Қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру тұрғындармен тұрақты кері байланыс болған жағдайда ғана мүмкін. Біз полиция әрбір азаматқа жақын, ашық әрі қолжетімді болуын көздейтін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүйелі түрде іске асырып келеміз», - деп атап өтті Марат Төлебаев.
Қызмет көрсетілетін аумақта білім беру ұйымдары, оның ішінде колледждер, университеттер және жалпы білім беретін мектептер орналасқан, бұл жастармен профилактикалық жұмыстың маңызын арттыра түседі.

Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және аудан тұрғындары үшін полиция көмегінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам болды. Учаскелік полиция пунктінің қызметі азаматтардың өтінішіне жедел ден қоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция мен халық арасындағы тығыз өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Бұған дейін Астанада аялдаманы сындырған жігіт қамауға алынғанын жаздық.