Астаналық Технологиялық колледж өкілдері Suzhou Wuzhong Technician College базасында кәсіби біліктілігін арттырды

Астаналық Технологиялық колледж өкілдері Suzhou Wuzhong Technician College базасында кәсіби біліктілігін арттырды
Фото: Технологиялық колледжі

Елордадағы Технологиялық колледждің «Наубайшы» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Байжігіт Болысхан мен колледж студенті Ләззат Асланқызы WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес Қытайдың Сучжоу қаласындағы Suzhou Wuzhong Technician College базасы «Wangsen Education Group» құзыреттілік орталығында кәсіби тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тағылымдама барысында қатысушылар заманауи нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді әзірлеудің инновациялық технологияларын меңгеріп, халықаралық деңгейдегі өндірістік процестермен, заманауи жабдықтармен және озық жұмыс әдістерімен танысты. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі, өнім сапасын бақылау, өндірісті ұйымдастыру және стандарттау талаптарына ерекше назар аударылды.

Аталған кәсіби тәжірибе Мемлекет басшысының «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып, CIEI халықаралық білім беру және инновациялар орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл жоба білім беру және кәсіби даярлау саласындағы тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды.

Колледж директоры Ләззат Разбекованың айтуынша, халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың маңызды бөлігі болып саналады.

«Біз үшін мұндай тағылымдамалар – тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар үздік әлемдік тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізіп, кадр даярлау сапасын арттырудың нақты мүмкіндігі», – деді ол.

Сонымен қатар ол практикалық дағдылар колледждің оқу бағдарламаларына енгізілетінін атап өтті.

«Біздің педагогтар мен студенттер құнды тәжірибе жинақтады. Бұл оқу мазмұнын жаңартуға және оны қазіргі еңбек нарығының талаптарына жақындатуға мүмкіндік береді», - деді колледж директоры.

Колледжде мұндай бастамалар бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ықпал ететінін айтады мамандар.

«Халықаралық әріптестік білім алушылар мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, ең бастысы білім беру сапасына және түлектеріміздің болашағына тікелей әсер етеді», – деді Ләззат Разбекова.

Бұған дейін қазақстандық колледж оқытушыларының Қытайда жасанды интеллект бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткенін жазған болатынбыз.