Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылады
Астанада ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясының қатысуымен жүргізушісіз таксиді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар елордада автономды такси қызметін іске қосу туралы келісімге келді.
Меморандумға қол қою рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов және Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов қатысты.
Меморандум өздігінен жүретін такси жобасын 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен (нормативтік және технологиялық пысықтаудан бастап пилоттық іске қосуға дейін) іске асыруды көздейді.
Жүргізішісіз такси қалалық мобильділікті ұзақ мерзімді дамытудың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Халықаралық зерттеулер деректеріне сүйенсек, автономды технологиялар адам факторын азайту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге, көлік ағынын оңтайландыруға және халықтың әртүрлі топтары, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімдікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ірі қалалардың орнықты көлік жүйесінің маңызды элементіне айналады.
«Біз үшін қауіпсіздік, жауапкершілік, адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуі мәселелерін алдын ала пысықтау, сондай-ақ мұндай шешімдердің заңды әрі ашық түрде дамуына мүмкіндік беретін нормативтік базаны дайындау маңызды. Автономды такси – технологиялар адам игілігіне қызмет ететін «ақылды қала» экожүйесінің бір бөлігі», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.

«Yandex Qazaqstan-ның автономды көлік жобасы кезең-кезеңмен іске қосылады. Алдымен пилоттық режимде және тестілеуден басталады. Мұндай формат қалалық ортаның нақты жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Сервисте диспетчерлік қызметпен тәулік бойғы байланыс және сапарларды сақтандыру қарастырылған. Жүргізушісіз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллектіні, жол жағдайын үздіксіз бақылауды және қауіпсіз әрекет ету сценарийлерін қамтитын автономды жүргізудің сынақтан өткен тәсілдеріне негізделеді. Тәжірибе жинақталып, жұмыстың тұрақтылығы расталған сайын қызмет ауқымы кеңейеді», – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов.
Меморандумға қол қою мемлекет, қала және технологиялық компанияның инновациялық көлік шешімдерін дамытуға деген ортақ қызығушылығын көрсетеді. Қазір тараптар нормативтік базаны қалыптастыруға, инфрақұрылымдық талаптарды бағалауға және өздігінен жүретін көлікті қалалық ортаға интеграциялау сценарийлерін талдауға басымдық беріп отыр.
Бұған дейін Яндекс Карты API мен JavaScript API шешімінің көмегімен жүзеге асырылған елордалық жедел жәрдем қозғалысын картадан бақылау функциясы Yandex компаниясы жұмыс жүргізетін мемлекеттер ішінде тұңғыш рет Қазақстанда, соның ішінде Астанада енгізілгенін жазған едік.