Астанада халықаралық IT-конференция жетекші ғалымдардың басын қосты

Астанада халықаралық IT-конференция жетекші ғалымдардың басын қосты
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Astana IT University базасында «2026 IEEE 6th International Conference on Smart Information Systems and Technologies (SIST)» халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.  

Конференция шеңберінде Computer Science, Technology and Engineering Management, Communications, Computational Intelligence, Robotics and Automation, Signal Processing бағыттары бойынша ғылыми секциялар, сондай-ақ «AI-Driven Physical Culture and Mass Sports» воркшопы ұйымдастырылды.

Пленарлық отырыста Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Сонымен қатар конференцияның панельдік және пленарлық сессияларына әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, атап айтқанда, Қытай, Испания, Мажарстан, Ұлыбритания, БАӘ, Швеция, Мысыр, Германия, Украина және Түркия елдерінен келген жетекші ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысты.

«Бүгінде IEEE SIST конференциясы IT саласындағы озық зерттеулер мен технологиялық шешімдерді талқылайтын беделді халықаралық алаңға айналды. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген ғалымдар, зерттеушілер, инженерлер мен студенттердің қатысуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістікке ықпалдасуына зор мүмкіндік береді. Біз үшін отандық университеттер мен ғылыми орталықтардың әлемдік инновациялық экожүйенің белсенді бөлігіне айналуы аса маңызды», – деді министр Саясат Нұрбек.

Іс-шара аясында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрландыру, ақылды қалалар, робототехника, дрон индустриясы, компьютерлік модельдеу және өзге де заманауи технологиялық шешімдерді қамтитын цифрлық технологияны дамытудың ең өзекті бағыттары қарастырылады.

Конференцияның өткізілуі еліміздегі IEEE ұйымының қызметін нығайтуға тікелей байланысты. 2023 жылы IEEE Kazakhstan Computational Intelligence & Robotics and Automation Joint Societies Chapter құрылды, ал сол жылы қыркүйекте Astana IT University базасында IEEE студенттік chapter-і ресми түрде ашылды.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда Инженерлер электротехникасы және электроника институтының өңірлік бөлімшесі – IEEE Kazakhstan Section ресми түрде құрылды. Бұл инженерия және жоғары технологиялар саласындағы әлемдегі ең ірі кәсіби ұйымның бірі.

«IEEE Kazakhstan Section ұйымының құрылуы қазақстандық инженерлер мен зерттеушілерге IEEE-дің жаһандық сараптамалық базасына, халықаралық кәсіби қауымдастықтарға және озық технологиялық тәжірибелерге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – инженерлік таланттарды, ғылыми ынтымақтастықты және инновацияларды дамытуға арналған тұрақты экожүйе қалыптастыру. Ал Astana IT University осы экожүйенің қозғаушы күштерінің біріне айналады», – деді IEEE Kazakhstan Section төрағасы Еділхан Дидар.

Еске сала кетсек, Президент орта білім жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы жарлыққа қол қойды.