Елордада волонтерлік қозғалыс саны артып келеді – «Астана жастары» орталығы маманы

Елордада волонтерлік қозғалыс саны артып келеді – «Астана жастары» орталығы маманы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

"Астана жастары" жастар ресурстық орталығы волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің маманы Айзат Али елордадағы волонтерлік қозғалыстың 2025 жылы жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

- Астанада қанша волонтерлік ұйым бар? 

- Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйымдар тұрақты негізде жұмыс істейді. Жыл сайын волонтерлердің қызметі туралы ақпарат көбейіп келеді, сондықтан да волонтер болғысы келетін адам саны да артып келеді. Қаладағы волонтерлер саны волонтерлік ұйымдардың жобалары мен көшбасшыларының жұмысына байланысты. Волонтер болуға көбірек балалар қызығушылық танытады, олардың себептері мен мақсаттары әртүрлі. Олардың кейбіреулері басқаларға көмектескісі келеді, ал кейбіреулері шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін портфолиосын жақсартуға тырысады. Осы волонтерлердің бір бөлігі өз өмірлерін қызықты оқиғалармен әртараптандыру немесе жаңа достар табу мүмкіндігін көреді.

Бұрын волонтерлік ұйымдар бір-бірін білмей, ұқсас бағыттарда болған. Сондықтан 2019 жылы біздің мекеме Қалалық волонтерлер штабын құру туралы бастама көтерді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы базасында штаб алты жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Қалалық штаб волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу, күш-жігерді біріктіру, дербес қозғалыстар санын ұлғайту үшін құрылды. Осы штабымыз тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 үкіметтік емес ұйыммен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізеді. Штабта 8000-нан астам белсенді волонтер бар.

- Волонтерлік ұйымдармен бірлесіп қандай қызмет атқарып жатырсыздар?

- Бүгінгі таңда волонтерлік ұйымдарымен бірлесіп BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», Taza Alem, Taza Qazaqstan, Stop Vandal, «Марафон добрых дел», «Есірткісіз елорда» акциялары аясында 1310 шара өткіздік. Азық-түлік себеттері, киім-кешек пен жиһаз, оқыту, адамдарды іздеу және тағы басқалар түрінде көмек көрсетілді. Қала кәсіпорындарымен бірлесіп қысқы кезеңде жалғызбасты зейнеткерлер мен қарт адамдардың үйінің қарын тазалап бердік.

Іс-шаралар бірнеше бағыт бойынша өтеді: экологиялық бағыттар, әлеуметтік бағыт, адамдарды іздеу. Әсіресе, волонтерлердің Event жобаларына қатысуы танымал болып келеді. Мұның бәрі волонтерлердің жасына байланысты. Мысалы, «Астана жастары» волонтерлік қозғалысында олардың орташа жасы – 15-16 жас. Бұл жаста көп адамдар уақытты достар табуға, жаңа әсер алуға және қоршаған әлемге көмектесуге арнайды. Қалалық волонтерлер штабы жобасындағы волонтерлердің орташа жасы – 30, яғни көмек көрсету үшін саналы түрде қадам басатын бос емес санат.

- Волонтерлік қозғалыстардың Астананың қоғамдық өміріндегі мәні мен маңызы қандай деп ойлайсыз?

- Волонтерлер көрсеткен қызметі үшін төлемақы алмайды. Біз түрлі мәдени іс-шараларға, концерттерге билеттер беруге тырысамыз. Волонтерлерді бір нәрсемен марапаттау және ынталандыру қажет. Осы қызметті еңбек өтілі ретінде санау бірнеше рет көтерілген, бірақ ол талқылану сатысында қалып отыр, заң жүзінде бекітілмеген.

Осы қызметтің арқасында волонтерлік топтар, қайырымдылық ұйымдары қызықты жобалар жасап жатыр. Мысалы, адамдар бір-біріне көмек көрсетуге асығатын болды, әлеуметтік шараларға көп адам тартылуына әсер етті. Еріктілердің қоғам дамуындағы үлесін қазір бағалау қиын, бірақ жақсы жағынан әсер етіп жатқаны байқалады, әртүрлі ел басына күн туған оқиғалардың немесе төтенше жағдайлардың, тіпті әртүрлі үлкенді-кішілі мерекелік шаралардың кезінде олар шетте қалмайды, міндетті түрде көмекке келеді.

Алдағы уақытта волонтерлік ұйымдар қаржылық жағынан тәуелсіз және тұрақты болады деп үміттенеміз. Өйткені олардың көпшілігі ресурссыз, бастамашыл түрде құрылған. Ресурстар мен үй-жайлардың жетіспеушілігі волонтерлік қызмет сапасына әсер етеді, ұйым басшысының міндеті – демеушілік қаражат табу, бірақ біздің меценаттар тек мұқтаж адамдарға көмектескісі келеді.

- Астанада волонтерлік қозғалыстар үшін 2025 жыл жемісті болды ма? Астаналық волонтерлер қандай іс-шараларға қатысты?

- «Астана жастары» волонтерлері халықаралық және республикалық деңгейдегі 130 іс-шараға қатысты. Ірі іс-шаралардың бірі – Дженнифер Лопестің, Backstreet Boys концерттері. Шет тілдерін білетін 140 волонтер тартылды. Еріктілердің негізгі тілдері қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Сонымен қатар қытай тілін білетін еріктілер болды (оның ішінде 140 негізгі еріктілер: 115 адам – ағылшын тілі, 3 адам – қытай  тілі, 5 адам – түрік тілі, 4 адам – корей тілі, 1 адам – итальян тілі және 2 адам – неміс тілі).

Taza Alem жобасы аясында 55 экосенбілік өткізілді, оның ішінде Есіл өзенінің жағалау аумақтарын тазарту бойынша еріктілердің қатысуымен 25 іс-шара өткізілді. 20 үкіметтік емес ұйым қатысуымен 10 000-нан астам ерікті мен 4 000 қала тұрғыны тартылды. Сондай-ақ еріктілер аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 800 ағаш отырғызуға қатысты, оның ішінде екі іс-шара Президенттің қатысуымен 21 сәуірде Студенттер саябағында және 11 қазанда Ботаникалық бақта өтті.

«Қамқорлық мекенжайлары» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлер күшімен 70 жалғызбасты зейнеткердің  үйіне барып, қол көмек көрсетілді, сондай-ақ кәсіпорындар мен волонтер ұйымдары қар тазалау бойынша 40 акция ұйымдастырды. Қар тазалау бойынша жаппай акцияларды ұйымдастыру үшін 3 000-нан астам волонтер мен кәсіпорын қызметкерлері тартылды. Сонымен қатар аталған жоба аясында Құрбан Айт кезінде 1000 азық-түлік жиынтығын тасымалдау түрінде тұрақты көмек көрсетілді.