Астанада туристің жоғалған сөмкесін полиция тауып берді

Бүгін, 17:11
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада туристің жоғалған сөмкесін полиция тауып берді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордаға Ақтаудан келген туристің құжаттары, ақшасы мен бағалы заттары салынған сөмкесі жоғалып кеткен. Оны туристік полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әйел Астанаға ұшып келген соң, қаланы аралап, сағат 10:00 шамасында «Бәйтерек» монументінің маңында сөмкесінен айырылып қалған.

Турист сөмкесінің жоғалғанын елордадан шығып, басқа қалаға барған кезде бір-ақ білген. Өздігінен таба алмаған соң, «102» арнасына хабарласып, полициядан көмек сұраған.

Оқиғадан кейін туристік полиция қызметкерлері бірден іздеу жұмыстарын бастаған. Нәтижесінде сөмкенің орналасқан жері анықталып, жоғалған заттар иесіне қайтарылды.

Турист полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Полиция мәліметінше, туристік полиция қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, елорда қонақтарына түрлі күтпеген жағдайда көмек көрсетеді.

Еске салсақ, Астанада ұрланды деген велосипед иесінің құрбысынан табылды.