Астанада ұрланды деген велосипед иесінің құрбысынан табылды

Бүгін, 16:24
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада ұрланды деген велосипед иесінің құрбысынан табылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының Полиция департаменті саяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипеді ұрланғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ақпаратқа сәйкес, полицияға аталған мүліктің ұрланғаны жөнінде ешқандай арыз түспеген.

Велосипедтің ұрланғаны туралы бейнематериал әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде оның орналасқан жерін анықтаған.

«Тексеру нәтижесінде велосипедтің ұрланбағаны белгілі болды. Полицияның хабарлауынша, велосипед иесінің құрбысында қалдырылған», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті жалған мәлімет таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Еске салсақ, журналист Бердібек Қабайұлы әлеуметтік желіде Астанада велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипеді табылғанын жазды.