Елорда полициясы велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының ұрланған велосипедін тауып берді

Бүгін, 13:46
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елорда полициясы велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының ұрланған велосипедін тауып берді
Фото: facebook.com/berdibek.habaj

Астанада қазақ даласын велосипедпен 76 күнде жүріп өткен велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипеді табылды. Бұл туралы журналист Бердібек Қабайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Оның жазуынша, велосипед Астанада тұрған жерінен ұрланған. Журналистің бұл туралы жазбасынан кейін қала полициясы жедел шаралар жүргізіп, жоғалған велосипедті бір тәулікке жетпей тапқан.

«Кеше осында жариялаған жазбамнан кейін көп ұзамай Астана қаласы Полиция департаментінен қоңырау шалып, мәселенің мән-жайымен танысты. Одан соң Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дастан Қалиевының қабылдауында болдым. Басқарма басшысы жоғалған велосипедті іздеу мақсатында шұғыл шаралар басталғанын айтты. Міне, арада бір күн өтпей жатып Дастан Ғабдурахимұлының командасы сүйінші сұрап, велосипедтің табылғанын мәлімдеді.

Ал Бүрлен қызымыздың өзі қазір Қытай елінде жүр. Жақын арада елге келіп, жоғалып табылған «тұлпарымен» қайта табысады», - деп жазды Бердібек Қабайұлы.

Айта кетейік, Бүрлен Әділетқызы – Қытайдың Шыңжаң өңірінде туған, Қазақстанды велосипедпен аралаған танымал велосаяхатшы қыз.