Астанада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ЖИ енгізуге арналған бағдарлама іске қосылды

Бүгін, 12:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ЖИ енгізуге арналған бағдарлама іске қосылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінен

Астана қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жасанды интеллект (AI) құралдарын қолдануға бағытталған жаңа республикалық бағдарлама өз жұмысын бастады. Аталған жоба Оқу-ағарту министрлігінің Talap коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан серіктес компанияларымен жүзеге асырылуда, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бағдарлама аясында елордада «Білім беру үдерісіндегі жасанды интеллект құралдары: оқыту тиімділігін арттыру» тақырыбында тегін біліктілікті арттыру курстарының ресми ашылуы өтті. Бастама IT саласының маманы болып табылмайтын колледж оқытушыларына арналған және Астана қаласын, сондай-ақ Ақмола мен Қарағанды облыстарын қамтиды.

Жобаның негізгі мақсаты – педагогтердің цифрлық және технологиялық құзыреттерін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануға үйрету. Оқу бағдарламасы 10 аптаға жоспарланған және гибридті форматта өтеді. Қатысушылар заманауи виртуалды платформалар арқылы теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, практикалық дағдыларын жетілдіреді.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – оның практикалық бағыттылығы. Тыңдаушылар әлемнің жетекші университеттерінде білім алған сарапшылардың дәрістерін тыңдап, халықаралық технологиялық компаниялар өкілдерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Қорытынды кезеңде білім беру мен бизнес саласына арналған AI-жобаларды әзірлеуге бағытталған Hackathon Battle ұйымдастырылады.

Оқуды сәтті аяқтап, өз жобаларын қорғаған қатысушыларға Talap КЕАҚ-тың ресми сертификаттары табысталады.

Бұған дейін жылу және электр желілерін диагностикалау үшін жасанды интеллект енгізіліп жатқанын жазған болатынбыз.