Астанада «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жүріп жатыр
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Елорданы кезең-кезеңімен газдандырамыз: елді мекендер мен энергия көздері газға қосылып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ірі №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жаңа станция құрылыс қарқыны мен энергия тұтыну мөлшері артқан жағдайда қала мен агломерацияны тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Станцияның өткізу қабілеті сағатына 350 мың текше метр газды құрайды. Аршалы ауданынан (Ижевск ауылы) Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолына дейінгі ұзындығы 67,6 шақырым болатын магистральдық газ құбырлары салынды», - деді әкім.
Қазіргі уақытта газ құбырын сынау жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Осыған дейін Астананы толық қамтыған «газ сақинасын» салу жөнінде ауқымды жоба жүзеге асырылды, соның арқасында қала толықтай айналдыра қамтылды. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті, газбен жабдықтау сенімділігін және тұрақты гидравликалық режимді қамтамасыз етеді. Станцияны пайдалануға беру 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланып отыр. Сол сияқты жуырда Шұбар елді мекені газға қосылды. Осы жұмыс аясында 7,5 км орташа қысымды газ құбыры, сондай-ақ 31,3 км төмен қысымды ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде елді мекендегі 890 тұрғын үй газға қосылды», - деді қала басшысы.
Осыған дейін барлығы 950 км газбен жабдықтау желісі салынды.
«Қазіргі уақытта тұтынушыларды табиғи газбен қамту Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң жағы, Оңтүстік-Шығыс сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, Family Village, Vela Village, Үркер, Телман, Кирпичный елді мекендерінде, сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын аудандарында және қаланың ескі бөлігіндегі Потанин көшесінде жүргізілген. Газға 13,8 мыңнан астам абонент қосылған. Сонымен қатар, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де 16 қазандық газға көшірілді. «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары салынып, олардың жалпы қуаты 950 Гкал/сағ жетті. Қазіргі уақытта қуаты 620 Гкал/сағ құрайтын «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.