Астанада Шұбар тұрғын алабы газға қосылды

Бүгін, 12:58
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Шұбар тұрғын алабы газға қосылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананы газдандыру жөніндегі ауқымды жоба аясында елорданың Шұбар тұрғын алабы табиғи отынға қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорда әкімдігінің Энергетика басқармасы «Астана қаласын газдандыру. Құрылыстың III кезегі. Шұбар тұрғын алабын газдандыру (1-5 іске қосу кешендері)» жобасын іске асырды. Осы жұмыс аясында орта қысымды 7,5 шақырым газ жеткізу құбыры, сондай-ақ төмен қысымды 31,3 шақырым ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде тұрғын алаптағы 890 жеке үй табиғи газға қол жеткізді.

«Осыған дейін әкімдік тарапынан газбен қамту желілерін салу бойынша ауқымды жұмыс атқарылып, жалпы ұзындығы 950 шақырымды құрайтын газ желілері жүргізілген болатын. Қазіргі таңда «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Теміржолшылар», «Өндіріс», Оңтүстік-Шығыс (оң жақ бөлігі), Оңтүстік-Шығыс (сол жақ бөлігі), «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный», Family Village, Vela Village, «Үркер», «Тельман», «Кірпішті», сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағынаудандары мен Потанин көшесі аумағындағы қаланың ескі бөлігін қоса алғанда, бірқатар елді мекен табиғи газға қосылды. Қазіргі уақытта газға 13,8 мыңнан астам абонент қосылған», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2 нысандарындағы 16 қазандық газға ауыстырылды. «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары салынды, олардың жиынтық қуаты 950 Гкал/сағ құрайды. Қуаты 620 Гкал/сағ болатын «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасып жатыр.

Осылайша, биыл «Астана қаласын газдандыру» жобасында көзделген барлық елді мекен мен энергия көздері табиғи газбен толық қамтылатын болады.