Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елордаға синтетикалық есірткі жеткізу арнасын анықтап, жойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олар «Достық» шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде психотроптық заттарды жасырын өндірумен айналысқан.
Тінту барысында есірткі жасауға пайдаланылған заттар – химиялық реактивтер, электрплиталар, пластик және шыны ыдыстар, вакуумдағыш, бояғыштар және басқа да құрамдас бөліктер тәркіленді. Сонымен қатар таратылуға дайын 5 килограмнан астам синтетикалық есірткі заты анықталып, тәркіленді.
Күдіктілер есірткіні дайындауда «суық қайнату» деп аталатын жаңа әдісті қолданған. Бұл – жоғары температура қолданбай, химиялық реакциялар арқылы жүзеге асырылатын тәсіл. Аталған әдіс аса қауіпті болып саналады, - делінген хабарламада.
Есірткі құралдарының таралу арналарының жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда.