Бүгін Астанада «SARAP» эксперттік клубының «Sarap Reflection: жыл қорытындысы» тақырыбындағы отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Жиында SARAP-тың биылғы атқарған жұмысына қорытынды жасалып, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Ұлттық құрылтай аясында әзірлеген талдау баяндамалары, қайырымдылық және отбасының жаңа үлгісіне қатысты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ішкі саясатының бекітілген негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары және адам құқықтары мәселелері талқыланды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың және ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Жиынға Қазақстандық қоғамдық даму институтының басшысы Жұлдызай Ысқақова модератор болды. Ол «SARAP» эксперттік клубының биылғы жұмысын қорытындылап, онда жыл бойы көтерілген қоғамдық маңызы бар мәселелерге шолу жасады. Жұлдызай Ысқақованың айтуынша, эксперттік клуб 2021 жылы құрылған, содан бері 62 талқылау отырысын өткізіп, оған 2 500-ден астам азамат қатысқан.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары туралы құжаттың мән-маңызына тоқталды. Ал ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл жаңа тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі ретінде жауапты ата-ана идеясын дәріптеу міндеті қойылғанын ерекше атап өтті.
«Саналы ата-ана болу – Қазақстан азаматтары үшін басты құндылықтардың бірі. Зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 61,4%-ы ата-ана рөлін өміріндегі ең басты құндылық деп бағаласа, 29,2%-ы аса маңызды аспектілердің бірі деп санайды. Одан бөлек, балалар отбасының басты құндылықтары арасында үшінші орында (38,7%) тұр. Бұл көрсеткіштер ата-ана болудың қоғамда жоғары мәртебеге ие екенін және отбасын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты одан әрі дамыту қажет екенін көрсетеді», – деді спикер.
Іс-шара аясында қайырымдылық туралы да зерттеу нәтижелері жарияланды. ҚҚДИ Әлеуметтанулық зерттеулер орталығының сарапшысы Гүлсайран Нұртайдың айтуынша, Қазақстан азаматтарының қайырымдылық қорларына деген сенім деңгейі әркелкі.

«Қазақстан азаматтарының шамамен 25%-ы қайырымдылық қорларына мүлдем сенбейтінін айтқан, яғни шартты түрде әр төртінші азамат сенімсіздік білдірді. Қызығы, қайырымдылық қорларына шүбәсіз сенетіндер үлесі де осы шамада – 26,4%. Ал респонденттердің 45%-дан астамы қайырымдылық қорларына ішінара сенеді, атап айтсақ, олардың 29,6%-ы тек кейбір қайырымдылық қорларына сенім білдірсе, 15,8%-ы қорларға емес, қайырымдылықпен жеке айналысатындарға сенетінін айтқан», – деді сарапшы.
Іс-шара аясында қатысушылар адам құқықтарын қорғау, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелерді де талқыға салды.
Одан бөлек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Басқарма төрағасының м.а. Мақпал Жұмабай қазақ тілінің цифрлық әлеуетін арттыруға арналған жасанды интеллект жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

Жиын соңында қатысушылар сұрақ-жауап алмасып, қозғалған тақырыптар жөнінде ұсыныс білдірді. Олар ғылыми зерттеулер мен сарапшылар талқылауының мемлекет саясатын жетілдірудегі маңызына тоқталып, қоғамның дамуына тың серпін беретінін атап өтті.