Астанада Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталі жаңа жабдықтармен толықты

Бүгін, 10:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталі жаңа жабдықтармен толықты
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталінің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бөлімшесінде материалдық-техникалық жаңарту жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Филиалда жөндеу жүргізіліп, эксперттік санаттағы ультрадыбыстық диагностика аппараты, соққы-толқынды және жарық терапиясы құрылғылары, көз және ЛОР ауруларын диагностикалауға арналған құралдар, гормондық көрсеткіштер мен онкомаркерлерді анықтайтын автоматтандырылған анализаторлар пайдалануға берілді.

«Енді біздің бөлімше заманауи стандарттар мен талаптарға сай әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне және Қарулы күштердің ардагерлеріне медициналық қызмет көрсететін көпсалалы орталық ретінде жұмыс істейді», – деді мекеме басшысы медицина қызметінің майоры Земфира Муслимова.

Бөлімшеде күндізгі стационар, стоматологиялық, диагностикалық, физиотерапиялық және амбулаториялық-емханалық бөлімдер жұмыс істейді.

Күндізгі стационардың ұйымдастырылуына байланысты пациенттерге тәулік бойы ауруханада жатудың қажеттілігі жойылды.

Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған стоматологияда терапиялық және хирургиялық ем түрлері көрсетіледі. 2026 жылы ортопедиялық қызмет көрсету жоспарланған.

Амбулаториялық-емханалық көмек бөлімінде пациенттерді жоғары білікті дәрігерлер қабылдайды. Кешенді тексеру мен нақты диагноз қою үшін қан мен зәр талдаулары, ультрадыбыстық және функционалдық зерттеу әдістері жүргізіледі. Сонымен қатар, мұнда профилактикалық тексерулер мен вакцинация, әскери-дәрігерлік сараптама және санаторий-курорттық емдеуге іріктеу жүзеге асырылады.

Басшылықтың айтуынша, бөлімшенің жаңғыртылуы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, Қарулы күштердің жеке құрамының денсаулығын қорғау деңгейін күшейтеді.