Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы толықтай аяқталды

Бүгін, 20:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы толықтай аяқталды
Фото: Жеңіс Қасымбек/ Instagram

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Аңызға айналған бұл стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады және бүгін ол қайта жаңғырып, заманауи келбетке ие болды. Бүгін ҚР Бас прокуроры Берік Асыловпен бірге құрылыс жұмысы толық аяқталған нысанды аралап көрдік. Стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынды. Бас прокуратура заңсыз жолмен иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», - деп жазды қала әкімі. 


Спорт нысанының жалпы ауданы 18 мың 951 шаршы метрді құрайды. Стадион UEFA-ның 4-санатына сай келеді және 3 мың 600 көрерменге арналған. Стадион UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының стандарттарына сай келетін заманауи спорт жабдықтарымен және жасанды жабынмен қамтамасыз етілген.

Нысанда көрерменге арналған трибуналар, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок пен техникалық аймақтар, сондай-ақ VIP-ложалар қарастырылған.

«Сол сияқты стадионда жаттығу өткізіп жатқан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелестік.

Жобаны іске асыру елорданың спорт инфрақұрылымын дамытуға және қалалық әрі республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін заманауи жағдайлар жасауға бағытталған.

Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру бойынша заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта стадион Астана қаласы әкімдігінің «№8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ теңгерімінде болады», - деді Жеңіс Қасымбек. 
 

Қала әкімінің мәліметінше, стадионның толықтай ашылуы 4 маусымға жоспарланып отыр. Ол 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында БЖСМ мен ОРМБЖСМ командалары қатысатын Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында өтеді. Чемпионатқа еліміздің түрлі өңірлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері мен футболшылар даярлау орталықтары атынан ең мықты 15 команда қатысады.

Турнир Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер футболы жүйесіндегі маңызды республикалық жарыстардың бірі болып саналады және бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасында футболды насихаттауға, сондай-ақ жас спортшылардың даярлық деңгейін арттыруға бағытталған.