Астанада көші-қон талаптарын бұзған шетелдіктер жауапқа тартылды
Елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ шетел азаматтарының елде заңды түрде болуын қамтамасыз ету мақсатында полицияның түрлі бөлімшелерінің қызметкерлерінен арнайы топтар құрылды. Олар шетел азаматтары болуы мүмкін және жиі жүріп-тұратын орындарды патрульдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ерекше назар құрылыс нысандарына, базарларға, азаматтар көп жиналатын орындарға, теміржол вокзалы маңындағы аумақтарға, ойын-сауық орындарына және өндірістік аймақтарға аударылды.
Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзудың 364 дерегі анықталды. Олардың ішінде халықтың көші-қон саласындағы заңнамасының талаптарын бұзған 298 шетел азаматы анықталды. Сонымен қатар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау және олардың болуына қатысты көші-қон заңнамасын бұзған Қазақстан Республикасының 44 азаматы, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 22 жұмыс беруші анықталды.
Бұдан бөлек, бұған дейін ел аумағынан шығарылғанымен, сот шешімін орындамаған 6 шетел азаматы анықталып, мәжбүрлі түрде елден шығарылды.
Аталған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Сот шешімімен 43 шетел азаматын ел аумағынан шығару туралы қаулы қабылданды.