Астанада ең ірі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары жүзеге асырылып жатыр
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин 2025 жылы басталған жаңа жобалардың ішінде Астана қаласында іске асырылатын ең ірі екі жобаны атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағының аумағында №2 индустриялық паркті салу жобасы. Жобаның құны – 126 млрд теңге. Екінші ірі жоба – құны 90 млрд теңгеден асатын «Астана қаласы үшін жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару шешімін енгізу» жобасы.
«Бұл жүйе қолданыстағы «Сергек» жүйесінің орнын басады. Жоба шеңберінде үлкен деректер ағындарын талдауға арналған жаңа құралдарды енгізу көзделіп отыр, бұл уақтылы әрекет етуге, ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Аслан Қалиғазин ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.
Еске сала кетсек, елордадағы Қазақ агротехникалық университетінде еліміздегі бірінші агротехнопарк таныстырылғанын жаздық.