Астанада боччадан Әлем кубогының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Бүгін елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде алғаш рет ұйымдастырылған Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл бәсеке боччадан Әлем кубогының кезеңі болып табылады. Беделді сайысқа 24 елдің параспортшылары қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың мүшелері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жарыстың еліміз үшін маңызына тоқталып, Әлем кубогын ресми түрде ашты.

«Ең алдымен баршаңызды боччадан Әлем кубогының ашылуымен құттықтаймын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі спортты дамытуға және баршаға тең мүмкіндік қалыптастыруға баса мән беріп келеді. Соның жарқын көрінісі – елордамызда ұйымдастырылып отырған бүгінгі спорттық іс-шара. Astana 2026 World Boccia Cup турнирі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Астана төрінде осындай маңызды халықаралық жарысты өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл дода елімізде параспорттың қарқынды дамып келе жатқанын және боччаға деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсететін айтулы оқиға. Әлем кубогы тартысты бәсекеге толы болады деп сенемін. Барлық параспортшыларға сәттілік тілеймін! Әлем кубогының ашылуы баршаңызға құтты болсын!», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы Әлем кубогына Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея және өзге де мемлекеттерден барлығы 90 параспортшы қатысуда. Сондай-ақ жарысқа келген делегация мүшелері мен мамандардың саны 140-тан асады.

ҚР Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы турнирдің халықаралық маңызына тоқталды.

«Бұл шараға әлемнің 24 елінен қонақтар келді. Атап айтқанда, 90 параспортшы және олардың шамамен 150 өкілі қатысып отыр. Бүгінде Қазақстан, оның ішінде Астана қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген параспортшылардың басын қосқан халықаралық параспорттық әрі дипломатиялық алаңға айналды деуге болады. Бұл Әлем кубогы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Сондықтан Қазақстан атынан қатысып жатқан 10 бочча спортшысы сәтті өнер көрсетіп, іріктеуден өтсе, 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады», – деді Назым Жанғазы.

Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Диана Молдахметова бұл жарыстың ұлттық құрама үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл біз үшін өте үлкен мүмкіндік. Біріншіден, мұнда рейтингтік ұпайлар жиналады. Осы жылдан бастап олимпиадалық цикл басталды. Сондықтан рейтингтегі орнымызды жақсартып, жоғарылау үшін бұл жарыста жақсы нәтиже көрсету өте маңызды. Сонымен қатар бұл турнирді Пара Азия ойындарына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі деуге болады», – деді Диана Молдахметова.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы атынан Әлем кубогында 10 спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында BC3 санатындағы спортшылар да бар. Бұл санаттағы қатысушылар арнайы рампаның көмегімен жарысқа түседі.

3-6 маусым аралығында жекелей сайыстар өтсе, 6-8 маусым күндері жұптық және командалық бәсекелер ұйымдастырылады. Ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тілейміз!