Референдум-2026

Астана тұрғындары Шәмші Қалдаяқов әндерін әуелетті

Бүгін, 18:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана тұрғындары Шәмші Қалдаяқов әндерін әуелетті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана тұрғындары қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасына арналған ауқымды музыкалық челленджге қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Музыкалық эстафетаны мәдениет, білім және жастар саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, балалар, зиялы қауым өкілдері, елорданың белсенді тұрғындары мен аға буын өкілдері қолдады.

Челленджге қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың көпшілікке танымал әндерін шырқап, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялап, музыкалық эстафетаны бір-біріне жолдап жатыр.

«Музыкалық челлендж әр буын мен түрлі сала өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, композитордың тыңдарман жүрегінен орын алған әндері мен әуендеріне қайта назар аударуға мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.

Музыкалық эстафета жалғасып жатыр. Оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін Шәмші Қалдаяқовтың сүйікті шығармасын орындап, бейнежазбасын әлеуметтік желіде жариялап, эстафетаны достарына, әріптестеріне және жақындарына жолдау жеткілікті.

Еске салсақ, елордада Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған музыкалық челлендж басталды.