Астана қаласындағы «Сарайшық» ауданы 2025 жылы қалай түрленді

Бүгін, 19:01
elordaaqparat elordaaqparat
Астана қаласындағы "Сарайшық" ауданы 2025 жылы қалай түрленді
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының "Сарайшық" ауданында тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі эстетикалық жағынан тартымды орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2025 жылы аудан аумағында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аулаларды жаңғырту және инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар маңызды жоба іске асырылды. Бұл шаралар қалалық ортаны дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және жайлы демалыс аймақтарын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда "Сарайшық" ауданында үш ірі қоғамдық кеңістікте абаттандыру жұмысы толық аяқталды. Жұмысшы мамандықтар аллеясы аталған аллея Т.Жүргенов көшесі бойында орналасқан. Бұл аумақта жаяу жүргіншілерге қолайлы әрі мазмұндық мәні зор қоғамдық кеңістік қалыптастырылды.

Жобаны іске асыру барысында:
• 7 000 шаршы метр аумаққа тас төселді;
• 1 982 шаршы метр жерге асфальт жабыны салынды;
• екі бірдей көлеңкелі шатыр орнатылды;
• балалар ойын алаңдары мен спорттық тренажерлер қойылды;
• жұмысшы мамандықтарына арналған алты тақырыптық қабырға жасақталды.

Бұл аллея еңбек адамын ұлықтауға және жастарды жұмысшы мамандықтарына ынталандыруға бағытталған ерекше кеңістікке айналды.

Р. Қошқарбаев даңғылы – Тәуелсіздік даңғылы – А. Байтұрсынұлы көшелері арасындағы аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда:
• 13 810 шаршы метр аумаққа тас төселді;
• ұзындығы 1 700 жүгірме метр болатын веложол салынды;
• тіреу қабырғалары орнатылды.

Бұл жұмыс тұрғындардың жаяу және велосипедпен еркін әрі қауіпсіз жүруіне мүмкіндік беріп отыр.
Тәуелсіздік даңғылы мен Жұмабек Нәжімеденов көшесінде:
• 8 187 шаршы метр тас төселді;
• 1 201 жүгірме метр веложол салынды;
• тіреу қабырғалары орнатылды;
• әткеншектері бар көлеңкелі навес орналастырылды.

Бұл кеңістік тұрғындар үшін демалыс пен серуендеуге қолайлы ортаға айналды.
Сонымен қатар Ш. Қалдаяқов көшесі, 23/2 үйі мен №93 мектеп-лицейінің аралығындағы Bravo Family аумағында да абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Бұл аумақ отбасылық демалысқа қолайлы әрі көрікті қоғамдық кеңістік ретінде тұрғындар игілігіне берілді.
Сарайшық ауданында барлығы 263 аула аумағы орналасқан. Оның ішінде 223 аула қанағаттанарлық жағдайда болса, 40 аула абаттандыруды қажет етеді.

Ал 2025 жылы "Халықтың қатысу бюджеті" жобасы аясында бүгінгі күнге дейін 17 аула толық абаттандырылды.
Аулаларда балалар ойын алаңдары жаңартылып, демалыс аймақтары абаттандырылды, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді.

Сарайшық ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартуға, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да аудан аумағында абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, қала тұрғындарының ұсыныстары мен қажеттіліктері ескерілетін болады.

Айта кетейік, биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол) абаттандырылды. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды.