Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ – Президент мұны өз қадағалауына алатынын айтты

5 қаңтар, 2026
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ – Президент мұны өз қадағалауына алатынын айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президент әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санайтынын айтты. Ол бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

"Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын.

Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев  тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсеткенін айтты.

"Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді.  

Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.

Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған.

Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады", - деді ол. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі екенін айтты.

"Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жоғары бағалады, бұл іс-шара армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдықталғанын, сондай-ақ, әскери қызметшілеріміздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты. 

Жуырда Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке бардым. Онда әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақсы бастама. Мен осы мектепке аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін", - деді ол.      

Еске сала кетейік, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялағанын жаздық.