Ақтөбе облысында жылына 280 млн литр алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынады
Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Ақтөбе облысында алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу туралы келісімнің жобасын мақұлдады. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жобаның инвесторы – «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС. Жаңа өндірістік кешенге салынған инвестициялардың жалпы көлемі 41,9 млрд теңгені, жобалық қуаттылығы жылына 280 млн литр өнімді құрайды.
Кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қалдықтарды басқарудың экологиялық таза жүйелері бар озық технологиялармен жабдықталмақ. Бұл зауыттың еліміздің тұрақты өнеркәсіптік экожүйесіне интеграциялануын қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру өңірде 120-дан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Зауыттың құрылысы 2026 жылы басталады.