«Ақ жол» партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады
Бүгін, 23 шілдеде Алматы қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматының Іле Алатауы бөктерінде өткен салтанатты іс-шараға ұйым төрағасы Дания Еспаева, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ жастар қанатының өкілдері мен белсенділері қатысты.
Жиынның басты ерекшелігі – еліміздің барлық өңіріндегі филиалдармен тікелей байланыс орнатқан телекөпір болды. Партия жетекшісі арнайы батырманы басып, республика көлеміндегі саяси науқанға жолдама берді.
«Бұл сайлау — жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция негізінде өтіп жатқан аса маңызды саяси оқиға. Біз егемендік пен ұлттық мүддені қорғауды, жемқорлықпен күресіп, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтаруды, шағын және орта бизнесті дамытуды, сондай-ақ табиғи байлықты халық игілігіне жаратуды көздейміз. Бағдарламада жас буынды және жас отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылған. Басты мақсат — әділ сайлау және әрбір қазақстандыққа оң өзгерістерді сезіндіретін кәсіби жұмыс», — деді ұйым төрағасы Дания Еспаева.
Басқосу барысында жастар қанатының көшбасшылары мен үміткерлер де мінберге көтеріліп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін кандидаттар мен белсенділер шаһар орталығына (Бөгенбай батыр және Панфилов көшелерінің қиылысы) барып, алғашқы үгіт-насихат акциясын өткізді. Олар қала тұрғындарымен еркін форматта жүздесіп, ақпараттық материалдар таратты.