Алматыда ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті

Алматыда ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен қаралы жиында зиялы қауым өкілдері, ақынның жақындары мен оқырмандары жиналды.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхаты оқылып, Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясы мен ұлттық руханиятқа қосқан зор үлесі атап өтілді.

Мәулен Әшімбаев ақынның ел мүддесін қорғаған қайраткерлігіне, азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегіне тоқталып, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Айта кетерлігі, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жаназа рәсімі 22 сәуірде сағат 10:00-де Түркістан облысының Отырар ауданы Жаңашілік ауылында, ал жерлеу рәсімі сағат 11:00-де Отырар ауданы Қоғам ауылдық зиратында өткізіледі. 

Еске салсақ, Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.