Алматы, Қонаев және Талдықорған көшелерінде әскери техника жүретіндіктен көлік қозғалысы шектеледі
Қорғаныс министрі Қарулы күштердің әскери басқару органдары мен әскери бөлімдеріне жоспарлы тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеруге байланысты әскери техникалар кейбір қала көшелерінде жүруі мүмкін.
«16–18 ақпан аралығында Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында әскери техникалар жүреді. Соған байланысты автожолдарда жекелеген учаскелерде қозғалысқа уақытша шектеу енгізілуі мүмкін», делінген хабарламада.
Осыған байланысты қауесет тарауынан қауіптенген министрлік азаматтарға, БАҚ өкілдеріне және әлеуметтік желі қолданушыларына жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін «Ақ билет» алып беруге қатысты тараған қауесетке министрлік ресми жауап берді.