Әділет Алмат: ересектер арасында алғаш рет Азия чемпионатына қатысып жатырмын

Әділет Алмат: ересектер арасында алғаш рет Азия чемпионатына қатысып жатырмын
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 81 келідегі Әділет Алмат жеңісіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Ересектер арасында алғаш рет Азия чемпионатына қатысып жатырмын. Сондықтан әрбір қарсыласпен белдесу оңайға түспеді. Жеңіске жеткенімнің басты арқасы - оқу-жаттығу жиынындағы нәтижелі жаттығу мен бапкерлерімнің кеңесі деп білемін. Сары құрлық додасы менің мансабымдағы ірі жетістік ретінде саналғанымен, бұнымен тоқтап қалмаймын деген сенімдемін. Алда Азия ойындары және 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионаты бар», - деді Әділет Алмат.

Айта кетейік, 81 келідегі күрескен отандасымыз финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Сомон Махмадбековты жеңіп кеткен болатын.

Бұған дейін 2022 жылы Данияр Шамшаев Астанада өткен сары құрлықтың додасында топ жарған еді.