Әдебиеттанушы ғалым Қарлығаш Байтанасова «Күлтегін» медалімен марапатталды

Әдебиеттанушы ғалым Қарлығаш Байтанасова «Күлтегін» медалімен марапатталды
Фото: Автор

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әдебиеттанушы ғалым, білікті ұстаз, әдіскер-оқытушы Қарлығаш Байтанасованың 60 жас мерейтойына арналған республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақ әдебиетінің әдістемелік және әдіснамалық негіздері» тақырыбындағы бұл ғылыми басқосуда Қарлығаш Медетқызының ғылыми еңбектері мен ұстаздық ұстанымы, тәлімгерлік тағылымы кеңінен талқыланып, оның қазақ әдебиетін оқыту ісіндегі әдістемелік жаңашылдығы мен ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан өзіндік үлесі айрықша атап өтілді.

Жиналыста сөз алған спикерлер ғалымның теория мен тәжірибені ұштастырған еңбектері әдебиетті оқытудың мазмұнын тереңдетіп, білім алушының танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталғанына тоқталып, оның қазақ әдебиетін зерттеу мен оқыту ісінде әдіснамалық тұғыр қалыптастырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Қарлығаш Медетқызының жас ғалымдарды тәрбиелеудегі жанашырлығы, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы сабақтастықты нығайту жолындағы бастамалары жоғары бағаланды.

Бүгінде ол – ЕҰУ-да «ЖОО-да қазақ әдебиетін оқыту», «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері», «Әдебиеттегі ағымдар мен мектептер», «Мәтіннің әдеби-теориялық негіздері», «Эмигранттық әдебиет» курстарынан дәріс оқитын тәжірибелі ұстаз. «Эмиграция әдебиетіндегі идеялық-көркемдік сабақтастық» монографиясының, «Структуралық әдебиеттану және мәтін талдау» сияқты ұжымдық еңбектердің авторы. Қарлығаш Медетқызы кейінгі жылдары жоғары оқу орындары филология мамандықтарына арналған «Қазақ әдебиетін мектепте оқыту үдерісін ұйымдастырудың инновациялық технологиялары мен әдістемесі», «Қазақ әдебиетін мектепте оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемесі» атты еңбектерді даярлауға да үлес қосып келеді. 2018 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын иеленсе, 2025 жылы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Жиын барысында мерейтой иесінің соңғы жылдары жарық көрген кітаптарының тұсауы кесіліп, ғалым университеттің жоғары марапаты – «Күлтегін» медалімен марапатталды. Бұл – Қарлығаш Медетқызының ғылым мен білім саласындағы ұзақ жылдарғы адал еңбегіне, ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлесіне көрсетілген лайықты құрмет.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ