5 қаңтарда «Халық бухгалтері» акциясы басталады

5 қаңтарда «Халық бухгалтері» акциясы басталады
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026 жылғы 5 қаңтарда ҚР Қаржы министрлігі жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған «Халық бухгалтері» акциясын іске қосады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Акция 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады. Оның аясында мамандар жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу мәселелері бойынша түсінікті әрі практикалық кеңестер беріледі.

Акцияны өткізудің негізгі форматы — қалалар мен облыс орталықтарындағы Мемлекеттік кірістер басқармалары базасында офлайн қабылдау.

Қабылдаулар қаңтар-ақпан айларында аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10.0013.00 аралығында, ал  наурыздан бастап,  аптасына 2 рет өтеді.

Қабылдау орындары мекенжайы мен жұмыс кестесі көрсетілген «Халық бухгалтері» арнайы тақтайшаларымен белгіленеді.

Кеңес берушілер ретінде кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастықтардың өкілдері, заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері таңдалды.

Акция Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жеке кеңес беру алаңдарында, мүмкіндікке қарай, қаланың барлық аудандарында өткізіледі. Өңірлерде науқан аудандық деңгейде өткізіліп, қажет болған жағдайда мамандардың көшпелі қабылдауы ұйымдастырылады.

Науқан аясында бейнекеңестер мен телефон арқылы байланыс, ресми ресурстар арқылы онлайн кеңес беру, вебинарлар (онлайн және офлайн), есептілік кезеңдерінде тақырыптық кеңес беру сессиялары сияқты қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.

Сонымен қатар заңнама нормаларын қарапайым тілмен түсіндіретін және ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша қадамдық нұсқаулықтары бар буклеттер дайындалады, сall-орталыққа арналған материалдар жаңартылып, SalykBot Telegram-арнасы ақпаратпен толықтырылады.

«Халық бухгалтері» акциясы салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы алғашқы қадам болып табылады. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қосымша шараларды іске асыру жоспарлануда», - деп жазылған ресми хабарламада.