4 емхана іске қосылды: Астана медицинасында қандай жаңалықтар бар
Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадр әлеуетін күшейту және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша елордада бірқатар бастама жүзеге асырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Астана қаласында 1,7 миллионнан аса тұрғынға медициналық көмек көрсетіліп, денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
Осы бағытта медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадр әлеуетін күшейту және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша бірқатар бастама жүзеге асырылды:
– 4 емхана нысаны іске қосылды;
– «Нұрлы жол» вокзалы ауданында жаңа жеке емхана ашылды;
– Екі ауруханада ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді (оның бірі – көп жылдар бойы медициналық көмек көрсетіп келе жатқан №3 көпбейінді аурухананың ескі ғимараты);
– Қабылдау-диагностикалық кешені ашылды;
– Перинаталдық орталықтың құрылысы басталды;
– 300 орындық жатақхана салынып жатыр;
– Келесі жылы жаңа көпбейінді аурухана, «Есіл» және «Нұра» аудандарында екі емхана, сондай-ақ «Есіл» ауданында балаларға арналған травматологиялық корпус құрылмақ;
– Осы жылы 276 медициналық жабдық сатып алынды;
– Жедел жәрдем автокөліктері сатып алынып, автотұрақ толық 100 пайызға қамтылды;
– Резидентураға 72 грант бөлінді;
– 45 маман жұмысқа орналастырылды;
– 5 мемлекеттік мектепте стоматология кабинеттері, сондай-ақ №1 қалалық көпбейінді аурухана базасында балалар стоматологиясы жұмысын бастады;
– Акушерлік-гинекологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін Ситуациялық орталық құрылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанада медициналық туризмнің қалай дамып жатқаны туралы жариялаған едік.