2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы көпшілікке таныстырылды
Баспасөз конференциясында Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері «Қазақстан балалары» атты 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленді. Алғаш рет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға, сондай-ақ отбасын қолдау мен әлеуметтік қорғауға бағытталған барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бір жүйелі құжатқа біріктірілді.
Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұрады, бұл ел халқының 34 пайызы. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан.
Тұжырымдама бала құқықтарының негізгі бағыттарын қамтитын төрт басым бағыттан тұрады. Олар балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алу құқығы, денсаулықты қорғау, сондай-ақ отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар. Тұжырымдаманың тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор айқындалып, оны іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі.
Құжатта балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылған. Елде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, «111» байланыс орталығы қызмет көрсетуде. Тұжырымдама аясында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын одан әрі дамыту, тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ психологиялық және менторлық сүйемелдеуді кеңейту жоспарланған.
Тұжырымдаманың жеке бөлімі цифрландыруға арналған. 2027 жылдан бастап mGov платформасында мемлекеттік қолдау шараларын бірыңғай есепке алуды және отбасылардың қайта жүгінуінсіз баланы ведомствоаралық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіледі.
Білім беру саласында мектепке дейінгі және инклюзивті білім беруді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру ұйымдарының сапасы мен жауапкершілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Әлеуметтік салада балалар үйлеріндегі тәрбиелеу моделінен отбасылық орналастыру нысандарына көшуге, тәлімгерлікті дамытуға және атаулы қолдауға басымдық беріледі.
Еске сала кетсек, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет 27 қаңтарда «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады.